№13 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихат депутаттығына кандидат ӘБДІХАЛЫҚОВ БАУЫРЖАН ОРАЗЫМБЕТҰЛЫ

ҮМІТКЕРДІҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Әбдіхалықов Бауыржан Оразымбетұлы, 1985 жылы 15 наурыз күні  Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында көпбалалы жұмысшы отбасында дүниеге келген.

1992–2003 жылдары Арыс қаласындағы С. Адамбеков атындағы орта мектепте білім алып, мектепті тәмамдаған. 2003 жылы «Фемида» қаржылық-құқықтық колледжіне оқуға түсіп, 2005 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. 2021 жылы академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын меңгерген.

Еңбек жолында спорт саласына ерекше көңіл бөліп, 2021–2025 жылдары Арыс қаласындағы ұлттық спорт және футбол клубында бапкерлік қызмет атқарды. Осы кезеңде жас ұрпақты спортқа баулу, олардың дене дайындығын жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында еңбек етті.

Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып келеді. 2021 жылдан бастап “Наурыз” шағын ауданы ақсақалдары мен тұрғындарының ұсынысы және сенімі негізінде ауыл биі болып сайланған. Бұл қызмет аясында тұрғындар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға, ел ішіндегі өзекті мәселелерді ортақ ақылдасып шешуге атсалысып келеді.

Қазіргі таңда «Арияс Строй Экспресс» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарып келеді. Еңбек қызметінде ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік тәжірибесін ұштастырып, мекеменің жұмысын үйлестіру және алға қойылған міндеттердің орындалуына үлес қосуда.

Өмірлік ұстанымы – адал еңбек, елге қызмет ету, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Халықтың сенімі мен аманатын жоғары бағалап, қоғамдық жауапкершілікті азаматтық парыз деп санайды.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

«ХАЛЫҚ СЕНІМІ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ, АУЫЛ ДАМУЫ – ОРТАҚ МАҚСАТ!»

1. АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ

Арыс қаласы, Сырдария, Қожатоғай және Шөгірлі елді мекендеріндегі жол сапасын жақсарту, көшелерді жөндеу мәселелерін көтеру, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдары мен балалар ойын алаңдарын салуға ықпал ету, ауызсу, электр желілері және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мәселелерін назарда ұстау.

2. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

Қожатоғай мен Шөгірлідегі игерілмей жатқан суармалы жерлерді айналымға қосу мәселесін көтеру, суару жүйелерін қалпына келтіру, ұңғымалар қазу және су жеткізу инфрақұрылымын дамытуға ықпал ету, мемлекеттік жер қорындағы жерлерді заң талаптарына сай әділ әрі ашық бөлу мәселесін назарда ұстау;

3. КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету, ауыл тұрғындары мен жастардың кәсіп бастауына арналған мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру, жергілікті кәсіпкерлердің мәселелерін тиісті органдарға жеткізу.

4. ЖАСТАР ЖӘНЕ СПОРТТЫ ДАМЫТУ

Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт алаңдары мен секциялардың қолжетімділігін арттыру, қазақ күресі, көкпар, футбол және ұлттық спорт түрлерін дамытуға қолдау көрсету, жастардың сапалы білім алуына, кәсіптік мамандық меңгеруіне және жұмыспен қамтылуына атсалысу.

5. МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Қожатоғай ауылдық округінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, Қожатоғай ауылынан мәдениет үйінінің салынуына ықпал ету.

6. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерін назарда ұстау, әлеуметтік көмектің қолжетімді әрі әділ көрсетілуіне ықпал ету, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының жағдайын жақсарту мәселелерін көтеру.

7. ХАЛЫҚПЕН ТҰРАҚТЫ БАЙЛАНЫС

Тұрғындармен тұрақты кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдау, өзекті мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдап, олардың шешілуін бақылау, халық алдында ашық есеп беріп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына ықпал ету.

 

Жарияланым ақысы №13 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Әбдіхалықов Бауыржан Оразымбетұлының бюджеттік сайлау қорынан төленді. 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАЛЫҚ АСПАЗДАР РЕФЕРЕНДУМ КҮНІ ДАУЫС БЕРДІ

berdaly_oraz

Облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы байқалды

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ РОБОТОТЕХНИКАДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ