№5 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихат депутаттығына үміткер ӘБДУӘЛІ НҰРДӘУЛЕТ БАУЫРЖАНҰЛЫ

ҮМІТКЕРДІҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ 

Әбдуәлі Нұрдәулет Бауыржанұлы 1999 жылы 6 қыркүйек күні  Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген.

2006–2017 жылдары Арыс қаласында орналасқан  №1 Е. Молдабаев атындағы жалпы орта мектепте білім алған. 2017–2021 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін «Тарих және дінтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқушы және студент кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектептің өзін-өзі басқару ұйымының президенті және студенттік декан қызметтерін атқарған.

Еңбек жолын шығармашылық және кәсіпкерлік салаларымен байланыстырған. 2019–2024 жылдары «Миллион» шығармашылық командасының директоры болып, «Жездуха» веб-сериалы мен толықметражды фильмінің түсіріліміне және прокатына жетекшілік еткен. 2020 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып, «KAWS GROUP» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы әрі жетекшісі ретінде қызмет атқарады. 2026 жылдан бастап «Арыс» футбол клубының директоры.

Қоғамдық жауапкершілікті басты ұстанымдарының бірі санайтын Нұрдәулет Бауыржанұлы қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Еңбегі үшін 2026 жылы «Меценат» атағымен марапатталған.

Депутаттыққа кандидат ретіндегі ұстанымы:

Арыс қаласының дамуына үлес қосу, жастардың әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, спорт пен мәдениетті дамыту, әлеуметтік осал топтарға қолайлы жағдай жасау – негізгі басымдықтары. Жинақтаған кәсіпкерлік, басқарушылық және қоғамдық тәжірибесін қала тұрғындарының игілігіне жұмсап, халық пен билік арасындағы ашық байланысты нығайтуды мақсат етеді.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

«Арысқа жанашырлық – сөзбен емес, іспен!»

1. Қолайлы қала – сапалы инфрақұрылым

Сайлау округіндегі көшелерді жөндеу, асфальттау және аяқжолдар салу мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге ықпал ету, көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңарту және жарықсыз қалған аумақтарды қамту, ауызсу, табиғи газ, электр энергиясы және кәріз жүйесіне қатысты өзекті мәселелерді тиісті мекемелер алдында көтеру, аулаішілік жолдарды, балалар ойын алаңдары мен қоғамдық орындарды абаттандыруға бастамашылық ету.

2. Кәсіпкерлік пен жаңа жұмыс орындары

Шағын және орта бизнесті дамытуға, жас кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға атсалысу, жастардың кәсіп ашуына қажетті ақпараттық және консультациялық қолдау алуына ықпал ету, қалаға инвестиция тарту және жаңа өндірістік, сервистік жобаларды іске асыру бастамаларын қолдау.

3. Жастар – қаланың басты капиталы

Жастардың білім, ғылым, кәсіпкерлік және шығармашылық бағыттағы бастамаларын қолдау, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған шығармашылық және қоғамдық орталықтардың дамуына ықпал ету, жастардың қалалық қоғамдық жұмыстар мен шешім қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуына жағдай жасау, дарынды және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастарға демеушілік көмек көрсету бастамаларын жалғастыру.

4. Спортты дамыту – салауатты ұрпақ тәрбиелеу

Балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына қолдау көрсету, аула спортын жандандырып, Street Workout алаңдары мен спорттық нысандарды көбейтуге бастамашылық ету, «Арыс» футбол клубының дамуына, жас футболшыларды тәрбиелеуге және футбол академиясы бағытындағы бастамаларға атсалысу.

5. Әлеуметтік қолдау – қоғам алдындағы міндет

Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мәселелерін назарда ұстау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға ықпал ету, балалардың сапалы білім алуына және қосымша үйірмелерге қатысуына жағдай жасау бастамаларын қолдау;

6. Ашықтық пен халық алдындағы жауапкершілік

№5 сайлау округі тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізу әрбір азаматтың өтініші мен ұсынысын назарға алып, оның шешілу жолдарын бақылау, көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы халыққа жүйелі түрде есеп беру.

Жарияланым ақысы №5 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Әбдуәлі Нұрдәулет Бауыржанұлының бюджеттік сайлау қорынан төленді. 

Ұқсас жаңалықтар

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУ – ЕЛ БІРЛІГІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Redaktor Arysinfo

Сөре мен кассадағы баға сәйкес келмесе, тұтынушы не істеуі керек?

Redaktor Arysinfo

Жылына 500 дрон: Түркістанда жаңа өндіріс іске қосылды

Redaktor Arysinfo