ҚЫЛМЫСҚА ЖОЛ ЖОҚ: АРЫСТА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛДЫ

Арыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мәселелері өткір талқыланды. Ауданға қатысты қылмыстық ахуал сараланып, құқық бұзушылыққа жол бермеу бағытындағы жұмыстардың тиімділігіне баға берілді.

Мекемеаралық шұғыл мәжіліске облыс прокурорының орынбасары Саттар Әбу-Әли Анарбайұлы төрағалық етті. Жиында 2026 жылдың жеті айындағы қылмыстық ахуал жан-жақты талданып, құқық бұзушылықтардың алдын алудағы проблемалық тұстар мен оларды шешу жолдары қаралды.

Әсіресе алаяқтық, есірткі қылмыстары, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар және масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтар ерекше назарға алынды. Бұл бағыттарда тек қылмыс жасалғаннан кейін әрекет ету жеткіліксіз. Ең маңызды міндет – қылмысқа итермелейтін себептерді ерте анықтап, оның алдын алу.

Мәжілісте облыстың барлық қала-аудандарында жүзеге асырылып жатқан «Айқын нәтиже» жобасының барысы да сараланды. Жоба аясындағы жұмыстардың нақты нәтижеге бағытталуы, проблемалық аумақтарды дер кезінде анықтау және профилактикалық шараларды күшейту қажеттігі айтылды.

Қоғам үшін аса маңызды мәселелердің қатарында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу, мал ұрлығына жол бермеу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері де бар. Бұл бағыттарда мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы мен жауапкершілігін күшейту қажет.

Жиында аудан прокуратурасы, әкімдік, білім беру саласы, ветеринариялық қызмет және полиция өкілдері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Өзара пікір алмасу барысында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешудің нақты жолдары қарастырылды.

Облыс прокурорының орынбасары қылмыстың алдын алуда құр есеп пен формалды шараларға жол бермеу керектігін атап өтті. Криминогендік ахуалы күрделі аумақтарды дер кезінде анықтап, құқық бұзушылықтың жолын алғашқы кезеңде кесу – басты міндет.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек полицияның немесе прокуратураның ғана міндеті емес. Бұл – әкімдік, білім беру ұйымдары, әлеуметтік және ветеринариялық қызметтермен қатар, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Мәжіліс қорытындысында жауапты мекемелерге «Айқын нәтиже» жобасы аясындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру және көтерілген мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Қылмыспен күрестің ең тиімді жолы – қылмыс жасалғаннан кейін жазалау емес, оның алдын алу. Арыстағы жиында айтылған талаптың өзегі де осы – қауіптің салдарымен емес, себебімен күресу.

Ұқсас жаңалықтар

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тарихи Сауран қалашығында жалпыхалықтық сенбілік өтті

Түркістанда тоңазытқыш шығаратын зауыт ашылды

Жетісай спорт клубы 2024-2025 оқу жылын жоғары көрсеткіштермен қорытындылады

berdaly_oraz