КӨЛІК-ЛОГИСТИКА: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – ӨҢІРЛІК САУДА МЕН ТРАНЗИТТІҢ МАҢЫЗДЫ ОРТАЛЫҒЫ

Мемлекет басшысының Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, көлік қатынасын жетілдіру, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері айқындалған. Бұл ретте көлік-логистика саласын дамыту еліміздің экономикалық өсіміне ықпал ететін стратегиялық бағыттардың бірі болып саналады.

Түркістан облысының географиялық орналасуы өңірге айрықша артықшылық береді. Облыс Орталық Азия елдерімен шектесіп, халықаралық сауда және транзиттік бағыттардың тоғысқан аумағында орналасқан. Өңір арқылы өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары мен теміржол желілері Қазақстанның оңтүстік өңірлерін көршілес мемлекеттермен және еліміздің өзге аймақтарымен байланыстырады. Бұл Түркістан облысының сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, ірі логистикалық орталыққа айналуына мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда өңірде автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жеңілдету, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жұмыстар атқарылуда. Мұндай жобалар тұрғындардың қатынау мүмкіндігін арттырып қана қоймай, кәсіпкерлік нысандарының дамуына, жүк тасымалының жеделдеуіне және тауар жеткізу шығындарының азаюына ықпал етеді.

Әсіресе, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарының шекаралық орналасуы көлік-логистика саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл аумақтар арқылы көршілес мемлекеттермен сауда байланыстарын кеңейтуге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін өнімді сақтау, сұрыптау, қаптау және тасымалдау жүйесін жетілдіру қажет.

Менің ойымша, алдағы кезеңде өңірде заманауи логистикалық орталықтар, көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын қоймалар, көтерме-тарату кешендері, жүк терминалдары мен көлік сервистерін дамытуға басымдық берілуі тиіс. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізетін логистикалық тізбекті қалыптастыру маңызды. Бұл өнімнің ысырап болуын азайтып, шаруалардың нарыққа тікелей шығуына және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуіне жағдай жасайды.

Сонымен қатар цифрлық технологияларды енгізу, жүк қозғалысын бақылау, кедендік рәсімдерді оңтайландыру және шекарадағы өткізу процестерін жеделдету де өзекті. Логистикалық қызметтердің сапасы мен жылдамдығы өңірдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететін факторлардың бірі.

Көлік-логистика инфрақұрылымының дамуы тек жүк тасымалымен шектелмейді. Ол жаңа кәсіпорындардың ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, қосымша жұмыс орындарының құрылуына және жергілікті бюджет кірісінің артуына ықпал етеді. Сонымен бірге өңірдің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және сауда салалары арасындағы экономикалық байланысты нығайтады.

Түркістан облысының транзиттік әлеуеті – тиімді пайдалануды қажет ететін маңызды экономикалық ресурс. Географиялық артықшылықты заманауи инфрақұрылыммен, инвестициялық жобалармен және сапалы логистикалық қызметтермен ұштастыру арқылы өңірді халықаралық сауда байланыстарының маңызды буынына айналдыруға болады. Бұл – облыстың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын бағыттардың бірі.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында ағын су тапшылығын еңсеру шаралары күшейтілуде

САРЫАҒАШТА ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

berdaly_oraz

АРЫС ҚАЛАСЫНДА 2025 ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

berdaly_oraz