АҚ АЛТЫННЫҢ АБЫРОЙЫ: ТҮРКІСТАНДА МАҚТАШЫЛАР МАРАПАТТАЛЫП, АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЛАСТЕР ДАМУДА

Түркістан облысында мақта шаруашылығы – мыңдаған адамның күнкөріс көзі әрі өңір экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Диқандардың маңдай тері мен еселі еңбегін дәріптеу мақсатында дүниежүзілік мақта күніне орай «AQ-DALA – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округіндегі «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мақта алқабында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, өңір тұрғындары мен еңбек адамдары қатысты.

Мақта – еңбек пен берекенің символы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда адал еңбек пен еңбек адамының мәртебесін арттырудың маңызын үнемі атап келеді. «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына негізделген бұл шара да ауыл шаруашылығы мамандарының еңбегін бағалап, олардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға арналды.

Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мақта шаруашылығының өңір экономикасындағы орнына тоқталып, дала еңбеккерлеріне алғысын білдірді.

– Түркістан облысы үшін мақта – негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Оны өсіру, жинау және өңдеу мыңдаған тұрғынның еңбегімен байланысты. Сондықтан ақ алтынның қадірі, ең алдымен, оны өсірген адамның еңбегімен өлшенеді. Биыл облыста мақта 173,6 мың гектарға егілді. Маусым қорытындысымен 556 мың тонна мақта жинау көзделіп отыр. Су тапшылығы сезілетін өңірімізде су үнемдеу технологияларын енгізу – басты міндеттердің бірі. Қазір мақта алқаптарының 91 мың гектарында осындай технологиялар қолданылуда. Біздің мақсатымыз – мақтаны шикізат күйінде ғана сатпай, терең өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, білікті мамандар даярлауға және өңір экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі. Диқандардың еңбегі еленді.

Мерекелік жиында ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген бір топ азамат марапатталды. Еңбек озаттарына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар үздіктер «Құрмет» грамотасымен және Түркістан облысы әкімінің мақта шаруашылығының үздігі дипломымен марапатталды.

Бұл – жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, ел ырысын еселеп жүрген мамандарға көрсетілген құрмет.Мақтадан дайын өнімге дейін: өңірде жаңа өндіріс жүйесі қалыптасуда.

Түркістан облысы – Қазақстанда мақта өсірілетін негізгі өңір. Бүгінде мұнда мақта егіп, өнім жинаумен қатар, оны өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма бұйымдарын шығару бағыттары дамып келеді.

2030 жылға дейін облыста жалпы құны 212,6 млрд теңгені құрайтын бес мақта кластерін іске асыру жоспарланған. Жобалар толық жүзеге асқанда жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС озық технологияларды пайдаланып, 52 мың гектар алқапқа мақта еккен. Кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 180 мың тонна болатын екі мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасы мен ПВХ құбырларын өндіретін зауыттар және жіп иіру фабрикасы іске қосылған. Нәтижесінде 1 200 жұмыс орны ашылды.

Алдағы уақытта тағы екі мақта өңдеу зауытын және жылына 5 мың тонна мақта тұқымын өндіретін кәсіпорынды іске қосу көзделген.

Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өндірісін дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде жылына 45 млн шаршы метр тоқыма емес материал өндіретін, 45 млн шаршы метр мата бояйтын зауыттар, жылына 7 млн жиынтыққа дейін тоқыма бұйымдары мен киім шығаратын тігін фабрикасы және джинс маталарын өндіретін кәсіпорын бар.Мақта шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды тірегі.

Облыста мақта өнімін қабылдау мен өңдеуге қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Өңірдегі 29 мақта өңдеу зауыты мен 169 қабылдау бекеті жылына 1 млн тоннадан астам шитті мақтаны қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді.

Мақта шаруашылығымен айналысатын 25 мыңға жуық агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бұл сала ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға да ықпал етеді.

2025 жылы Түркістан облысында 466 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналып, орташа түсімділік гектарына 32 центнерге жетті. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Жаңа технология – мол өнімнің кепілі

Биыл мақта алқаптарында жиын-терім жұмыстары жалғасуда. Өңірде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, өнімділікті арттыру және мақтаны терең өңдеу арқылы қосылған құнды өңір ішінде қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.

Мерекелік іс-шара аясында ауыл шаруашылығына арналған заманауи технологиялар, жергілікті өндірушілердің өнімдері мен азық-түлік тауарларының көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынылды.

«AQ-DALA – 2026» шарасы – ақ алтын өсірген еңбеккерлердің мәртебесін көтеріп, ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді танытатын маңызды алаң. Ең бастысы, мақта шаруашылығын жаңа технологиялармен ұштастырып, шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті дамыту арқылы Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға жол ашылады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында ер адам 4 метр болатын құрылыс шұңқырына құлап кетті

Кентауда өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту ісі жанданады

Преамбула Конституции Казахстана получит полностью новую редакцию

Redaktor Arysinfo