Тазалық – тек сенбілікпен шектелмейтін, әр азаматтың күнделікті жауапкершілігін талап ететін ортақ міндет. Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері өңірде 532 экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 84 639 жас қатысқан. Нәтижесінде 187 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар жаз мезгілінде «Жасыл ел» еңбек жасағына 260 жас тартылды.
Бұл мәліметтер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Тазалық талаптарын бұзғандарға шара күшейтілді
Облыста тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында мобильді топтардың қатысуымен Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас және Сайрам аудандарында рейдтік жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 105 әкімшілік хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге айыппұл салынды. Рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты жалғасады.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда тазалық талаптарын бұзғандарға қатысты әкімшілік шаралар қабылдануда. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 6 366 хаттама толтырылып, 192,8 млн теңге айыппұл салынған. Ал 505-бап бойынша 9 436 хаттама рәсімделіп, 55,7 млн теңге айыппұл өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артқан.
Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 505-бап бойынша 5 635 хаттама толтырылып, 25,3 млн теңге айыппұл салынған. Дегенмен жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар ауылдық округте әкімшілік хаттамалар санының төмендігі анықталған.
Өтініштердің басым бөлігі орындалды
«Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына жыл басынан бері 3 677 өтініш түсіп, оның 3 634-і орындалған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Түркістан қаласы, Төлеби, Сайрам және Сауран аудандарында келіп түскен өтініштер саны азайған.
Бұл ретте тұрғындардың өтініштерін уақытылы қарау, анықталған мәселелерді жедел шешу және тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Жол бойындағы тазалық та назардан тыс қалмайды
3–7 қазан аралығында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына мониторинг жүргізіліп, 136 кемшілік анықталған. Оларды жою үшін жауапты мекемелерге бір апта мерзім берілді. Кемшіліктердің толық жойылуы бақылауда болады.
Сондай-ақ жол бойында орналасқан, тазалық талаптарын сақтамаған кәсіпкерлік нысандарына қатысты Полиция департаментімен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 40 тармақтан тұратын жол картасы әзірленген. Оның орындалу барысы тұрақты мониторинг арқылы қадағаланады.
Тазалық – ортақ жауапкершілік
Аппараттық мәжіліс қорытындысында облыс әкімі аудан және қала әкімдіктеріне тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды, рейдтік іс-шараларды күшейтуді және проблемалық аумақтарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Өңірде қолға алынған шаралардың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
