АҚШ пен Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) жарна төлеуді кешіктіруі ұйымның қаржылық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр.
The Wall Street Journal мәліметінше, АҚШ БҰҰ-ға төленуі тиіс бірнеше миллиард долларды әлі толық аудармаған. Сондай-ақ Вашингтон шығындарды азайту саясатына байланысты кейбір халықаралық бағдарламалардан, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу туралы шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта АҚШ-тың БҰҰ алдындағы қарызы 4 миллиард доллардан асады.
Қытай да өз жарналарын толық өтемеген. Басылым дерегіне сәйкес, Бейжіңнің қарызы шамамен 445 миллион долларды құрайды. БҰҰ-ның негізгі бюджетінің шамамен 42 пайызы осы екі елдің жарналарынан қалыптасады.
Қытай тарапы өз міндеттемелерін орындайтынын айтса, АҚШ болашақтағы қаржылық қолдау көлемі ішкі үнемдеу саясатына байланысты болатынын жеткізген.
