дереккөз фото: Aikyn.kz.
Халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Түркиядан елге депортацияланды. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
Мәліметке сәйкес, іздеуде жүрген ер адам Интерпол желісі арқылы жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде Түркияның Самсун қаласында ұсталған.
Операция Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы негізінде жүзеге асырылды. Құзырлы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында күдікті Қазақстанға жеткізілді.
Қазіргі уақытта ол құқық қорғау органдарына тапсырылып, тергеу амалдары жүргізілуде. Егер кінәсі дәлелденсе, күдіктіге Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген азаматтарды анықтау және елге қайтару жұмыстары жалғасуда.
