АРЫС 70 ЖЫЛДЫҒЫН «АЛТЫН КҮЗ» БЕРЕКЕСІМЕН БАСТАДЫ

Арыс қаласының 70 жылдық мерейтойы берекелі күздің сәнін келтірген «Алтын күз» жәрмеңкесімен басталды. Тоғыз жолдың торабы, Орта Азия қақпасы атанған теміржолшылар қаласының мерейтойына арналған алғашқы шара 2 қазан күні Орталық Әл-Фараби алаңында өтті.

Таң сәріден алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті шаруалардың бір жылдық еңбегінің жемісін тамашалады. Жәрмеңкені аралаған қала әкімі Қайсар Маңқараев шаруалармен тілдесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстармен және ұсынылған өнімдермен танысты.

Жәрмеңкеге Арыс қаласы мен оған қарасты елді мекендерден 60-қа жуық шаруа қожалығы мен кәсіпкер қатысып, 40 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін халық назарына ұсынды. Құс еті мен балықтан бастап, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидекке дейінгі өнімдер тұрғындарға нарықтағы бағадан төмен, қолжетімді бағамен сатылды.

Мерекелік алаңда күзгі молшылықты бейнелейтін көрме композициялары да көпшілікке ұсынылды. Ал ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі шаруалардың еңбегін жеңілдетіп, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи мүмкіндіктерді көрсетті.

Биыл Арыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да қарқын алған. Жыл басынан бері 62 техника жаңартылып, оның 42-сі жаңа трактор болды. Қалғаны – түрлі тіркемелер мен қажетті ауыл шаруашылығы техникалары. Мемлекеттік қолдау аясында шаруаларға техника құнының 30 пайызына дейін субсидия қарастырылған.

Осылайша, Арыстың 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар еңбек адамдарының маңдай терін дәріптеген, елдің ырыс-берекесін көрсеткен «Алтын күз» жәрмеңкесімен басталды. Бұл – мерейтойды даңғазамен емес, халықтың еңбегі мен ауылдағы берекені ұлықтаудан бастаған Арыстың өзіндік мерекелік мәнері.

Ұқсас жаңалықтар

 ТҮРКІСТАНДА ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ТАЛҚЫЛАНУДА

Түркістандық делегация Қытайда өткен дәстүрлі медицина туралы халықаралық мәжіліске қатысты

Түркістан: Кентауда балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті.

Redaktor Arysinfo