Арыс қаласына қарасты Аққала ауылына тұрғындар көптен күткен табиғи газ жеткізіліп, елді мекен көгілдір отынға қосылды.
Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Іс-шара барысында табиғи газ алауы жағылып, Аққала ауылын газдандыру жобасы ресми түрде іске қосылды.
Қала әкімі өз сөзінде табиғи газдың берілуі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал ететінін атап өтті.
««Бұл – Аққала тұрғындарының жылдар бойы күткен мәселесінің шешімін тапқанын білдіреді. Ендігі жерде ауыл халқы көмір тасып, күл шығарудың машақатынан арылады. Алдағы уақытта елді мекендегі өзге де өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады», – деді Қайсар Маңқараев.»
Бүгінде Аққала ауылында 1043 тұрғын тұрады. Елді мекендегі 156 тұрғын үйдің барлығы табиғи газ желісіне қосылуға мүмкіндік алды. Бұл ауыл тұрғындарына үйлерін табиғи газбен жылытып, күнделікті тұрмыста көгілдір отынды пайдалануға жол ашады.
Іс-шарадан кейін қала әкімі ауылда алғашқылардың бірі болып табиғи газға қосылған Тойлыбай Ералиев ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, отбасының қуанышына ортақтасты.
Ауыл қариялары мен тұрғындары көптен күткен мәселенің шешімін тауып, табиғи газдың берілуіне ризашылықтарын білдіріп, атқарылған жұмыстарға алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Көкжиде және Жиделі ауылдары табиғи газға қосылған болатын. Сонымен қатар қазіргі таңда Ақдала және Қаражантақ ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Көгілдір отын – ауыл тұрмысының жаңа мүмкіндіктері мен қолайлы жағдайдың кепілі.
