Арыс қаласының табиғи байлығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін табиғи ресурстарға ұқыпты қарауы, тазалық мәдениетін қалыптастыру қажет. Айналаны тазартудың маңызы зор.
Қала аумағында қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Су ресурстарын қорғау да ерекше назар аударуды қажет етеді. Арыс өзені мен су арналары – табиғаттың маңызды бөлігі. Су көздерін тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластамау, жағалауларды таза ұстау, су ресурстарын ысырап етпеу – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Судың ластануы табиғатқа ғана емес, адам өмірі мен ауыл шаруашылығына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан су арналарына қоқыс тастамау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығармау және табиғи аумақтарды қорғау талаптарын сақтау маңызды.
Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың немесе арнайы мекемелердің міндеті емес. Бұл – қоғам болып атқаратын ортақ іс. Әр тұрғын өз ауласынан, өз көшесінен бастап тазалыққа үлес қосса, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға нақты ықпал етеді.
Өкінішке орай, кейінгі кезде азаматтар төрт түліктерін қараусыз қалдырып, малдар жайқалған қала желектерін жайпап жүр. Әрине, мал иелеріне заң аясында шара көріліп келеді.
Таза табиғат – дені сау ұрпақтың және жайлы қаланың кепілі. Сондықтан Арыстың табиғи байлығын сақтау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек буын алдындағы жауапкершілігі.
Ерімбетова Гүлбахрам Садықбекқызы
ҚР “Құрмет” орденінің иегері.
