Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындармен кезекті жеке қабылдау өткізіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдауға әкім орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары қатысып, көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қабылдауға келген азаматтар тұрақты жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз су сапасы, жер қатынастары, әлеуметтік көмек және денсаулық сақтау салалары бойынша сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе, халықты алаңдатқан инфрақұрылым мен әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Қала әкімі әрбір өтінішке мұқият назар аударып, тұрғындардың талап-тілектерін егжей-тегжейлі тыңдады. Тиісті сала басшыларына мәселелерді заң аясында қарап, нақты шешу жолдарын ұсынуды тапсырды. Кейбір мәселелер бойынша бірден түсіндірме беріліп, жедел шешім қабылдау қажеттілігі атап өтілді.
Мұндай қабылдаулар тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Арыс қаласы әкімдігі алдағы уақытта да халықпен кері байланысты күшейтіп, әрбір азаматтың өтінішін назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
