Дереккөз, фото: Арыс қаласы әкімдігі
Арыс қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шаралар Теміржолшылар саябағында ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шеруге этномәдени бірлестіктер өкілдері, білім беру ұйымдарының ұжымдары, теміржол саласының қызметкерлері мен қала тұрғындары белсене қатысты. Алаң ұлттық нақышта безендіріліп, түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін танытатын көрмелер мен сахналық қойылымдар ұсынылды.
Шерудің шымылдығын қазақ халқының ұлттық киімін киген топ ашып, кейін славян, өзбек, татар-башқұрт, иран-әзірбайжан этномәдени орталықтарының өкілдері мен теміржол мекемелерінің қызметкерлері сап түзеп өтті.
Мерекелік жиынға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев пен «AMANAT» партиясы қалалық филиалының басшысы Бақтығали Ділдәбеков қатысып, жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шара барысында қала өміріне белсенді араласып, бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосқан ардагерлер мен түрлі сала мамандары, теміржолшылар, сондай-ақ қаланы көркейту мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысып жүрген еңбек адамдары қала әкімінің және қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
