Арыс қаласы үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Толықтай қайта жаңғыртудан өткен «Арыс-2» теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға беріліп, жолаушыларға есігін айқара ашты.
Ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев, теміржол саласының ардагерлері, қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес елдегі 124 теміржол вокзалы кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатқанын айтып, «Арыс-2» вокзалының жолаушылар қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Жаңартылған вокзалда ана мен бала бөлмесі, кең әрі жайлы күту залы, ақпараттық мониторлар, салқындату жүйесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолайлы жағдайлар қарастырылған. Сондай-ақ перрон аумағында 5 мың шаршы метр асфальт жаңартылып, жаңа орындықтар мен заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Жаңа нысан тәулігіне 300-ден астам, ал жылына 65 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Вокзал арқылы тәулігіне орта есеппен 18 жолаушылар пойызы қатынайды, оның екеуі халықаралық бағытта жүреді.

Салтанатты жиында Теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Байниязов ақ батасын беріп, вокзалдың ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуіне тілектестік білдірді. Іс-шара соңында көгілдір лента қиылып, қонақтар жаңа вокзалдың жұмысымен танысты.
«Арыс-2» вокзалының жаңғыруы – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге бағытталған маңызды қадам.
