Арыс қаласында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Зұлмат жылдар зардабы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Тағылымды шара №2 жалпы білім беретін мектептің мәжіліс залында өтті.
Көрмені Түркістан облысының мемлекеттік архиві мен Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде жазықсыз жапа шеккен азаматтардың тағдырын ұрпақ санасына жеткізіп, тарихи жадыны жаңғырту.
Тағылымды жиынға Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Түркістан облысының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнара Шардарбекова, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы Камшат Тасыбекова, Арыс қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ізбасар Назаров, ардагерлер, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарына қатысты тарихи деректер мен архив құжаттары көпшілік назарына ұсынылып, сол кезеңнің қасіретті шындығы кеңінен таныстырылды. Көрме материалдары келушілерге өткен тарихтың ауыр сабақтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Жиында сөз сөйлегендер мұндай бастамалардың жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызына тоқталып, құрбандар рухына тағзым ету – әр азаматтың парызы екенін атап өтті.
Шара соңында қатысушылар ел тарихындағы қасіретті кезеңдерді ұмытпай, бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін әрдайым бағалау қажет екенін жеткізді.
