АРЫСТАН ШЫҚҚАН АЛТЫН ҚОЛ ҚАҚПАШЫ: ШАНШАР НҰРСАЯТТЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ

Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасы Шаншар Нұрсаят Мерғалымұлы – қазақ футболындағы болашағынан зор үміт күттіретін жас дарындардың бірі. 2007 жылдың 30 наурызында дүниеге келген ол небәрі 18 жасында кәсіби деңгейге көтеріліп, ел назарын өзіне аударып үлгерді.

Нұрсаяттың футболдағы алғашқы қадамы туған жері Арыс қаласындағы Айтеке би атындағы Арыс стадионы алаңында басталды. Жастайынан еңбекқорлығымен, тәртібімен және алаңдағы сенімді ойынымен ерекшеленген қақпашы көп ұзамай үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.

2019 жылы талантты спортшы Шымкент қаласындағы Академия Оңтүстік құрамына қабылданып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Бұл кезең оның спорттық қалыптасуындағы маңызды баспалдақ болды. Академия сапында ол 2025 жылға дейін тұрақты өнер көрсетіп, команда жетістіктеріне зор үлес қосты.

Жас қақпашының жетістіктері де ауыз толтырып айтарлық. 2021 жылы футболдан чемпион атанып, өзінің мықтылығын дәлелдеді. Ал 2024 жылы «Академия Оңтүстік» командасымен бірге 1-лигаға көтерілуі – оның кәсіби деңгейінің айқын көрсеткіші. Сонымен қатар, 2025 жылы үш мәрте «үздік қақпашы» атанып, шеберлігі мен тұрақтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

2026 жыл Нұрсаят үшін жаңа белеске айналды. Ол елордалық Жеңіс клубының құрамына қабылданып, Премьер-лига деңгейінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Бұл – жас спортшының табандылығы мен тынымсыз еңбегінің нақты жемісі.

Шаншар Нұрсаят тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де өзін көрсете білді. Ол әр жылдары Хорватия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркия елдерінде өткен жарыстарға қатысып, үздік ойын өрнегін көрсетті. Бұл тәжірибе оның кәсіби шеберлігін арттырып, үлкен футболға нық қадам басуына жол ашты.

Бүгінде Арыстан шыққан жас қақпашы – тек туған қаласының ғана емес, тұтас қазақ футболының үмітіне айналып отыр. Оның еңбекқорлығы, табандылығы мен таланты алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН АРЕНАДА ТАРТЫСТЫ МАТЧ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo

Ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлеріне 8,5 млн теңге ынталандыру төлемі беріледі

berdaly_oraz

ҚАЛА ӘКІМІ ҚАЙСАР МАҢҚАРАЕВ ДЕРМЕНЕ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

berdaly_oraz