Түркістан мен Өзбекстан өңірлері жаңа серіктестік кезеңіне өтті: маңызды келісімдерге қол қойылды

Ақтау қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Ірі халықаралық кездесу аясында Түркістан облысы мен Өзбекстанның бірнеше өңірі арасында бауырластық байланыс орнатуға және әріптестікті кеңейтуге бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды.

Ресми іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған бастамаларды қолдады. Келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысы Самарқанд, Ташкент және Жызақ облыстарымен бауырластық байланыс орнату туралы келісімдерге қол жеткізді.

Қол қойылған құжаттар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, инвестиция тартуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, білім беру және гуманитарлық бағыттардағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Түркістан облысы мен Жызақ облысы арасындағы ынтымақтастықты іске асыру жөніндегі Жол картасы бекітілді. Құжатта бірлескен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың нақты мерзімдері, жауапты тараптар мен орындалатын іс-шаралар айқындалған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан мен Өзбекстан өңірлері арасындағы өзара байланыс жылдан-жылға нығайып келеді. Жаңа келісімдер инвестициялық әлеуетті арттыруға, тауар айналымын ұлғайтуға, өндірістік әріптестікті күшейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Өзбекстан өңірлері өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм, кәсіпкерлік және инвестиция салаларында табысты әріптестік орнатқан. Жаңа келісімдер осы байланыстарды одан әрі тереңдетіп, екі ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген ер адам Түркиядан депортацияланды

Redaktor Arysinfo

Арыс қаласында орналасқан «MEGA AGAT» кәсіпорнында «Өз кәсібіңді аш» экскурсиясы өтті

Альфия Адамбек

Жетісайда қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр