АРЫСТАНДЫ ҚОЛҒА ҮЙРЕТКЕН АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛ

 Қауіпті түз тағысын қолға үйрету — кез келгеннің батылы жете бермейтін іс. Ал сол тәуекелге бел буып, жарты ғұмырын цирк өнеріне арнаған қазақ қызы бар. Ол — Жанат Калметова. Көпшілік оны жай ғана әртіс емес, жануармен тіл табыса білетін, жүрегі мейірімге толы ерекше жан ретінде таниды.

Жанат апайдың циркке келуі — кездейсоқ емес, бала күнгі арманның орындалуы. Кішкентайынан манежде өнер көрсететін, әсіресе жыртқыш аңдарды баптайтын әйелдерді көріп, қызыға қарайтын. Алайда өмір жолы оны мұғалімдікке алып келді. Ол 18 жыл бойы ұстаздық етіп, балаларға білім берді. Бірақ жүректің түбіндегі арман сөнбеді.

Кейін Шымкент циркіне жергілікті аң үйретуші қажет болғанда, Жанат апай сол арманын жүзеге асыруға бел буды. Алғашында иттерді үйретуден бастады. 2014 жылы сатып алған екі иті аз уақыт ішінде көрерменнің көзайымына айналды. Сол кезде ол бір шындықты түсінді: жануарға бұйрық жүрмейді, алдымен оған сенім ұялату керек.Сенім бар жерде ғана байланыс орнайды.

2017 жылы циркке арыстанның күшіктері әкелінді. Алайда оларды үйрететін маман болмады. Сол сәтте Жанат апай қорыққанымен, жауапкершілікті өз мойнына алды. Кішкентай күшіктерге қарап тұра алмай, көмектесіп жүріп, олармен жақын байланыс орнатты. Біртіндеп оларды өзіне үйретіп, нағыз сенімге негізделген қарым-қатынас құрды.

Ол арыстандарды тек жаттықтырып қана қойған жоқ, олармен бірге өмір сүрді. Кейде бірге тамақтанып, бірге ойнап, бір-бірін сөзсіз түсінетін деңгейге жетті.
«Мен арқаларын сипаймын, еркелетемін, шаштарын тараймын, шомылдырамын… сондай қатынас бар», — дейді ол.

Арыстан — өте сезімтал жануар. Адамның көңіл күйін бірден сезеді. Сондықтан Жанат апай үшін ең бастысы — сабыр мен мейірім болды. Ол оларды кішкентай баладай тәрбиеледі. Қарапайым құралдардың өзін қолдан жасап, жаттықтырды. Бір күні Симба есімді арыстанның шеңберден секіріп өткен сәті оның ең үлкен қуаныштарының бірі болды.

Төрт жыл бойы Жанат апай арыстандармен бірге ел аралап, Қазақстанның түкпір-түкпірінде өнер көрсетті. Шетел сахналарын да бағындырды. Әр қойылым — тәуекел, әр сәт — үлкен жауапкершілік еді. Бірақ олардың арасындағы сенім бәрінен биік тұрды.

Алайда 2021 жылы «аңсыз цирк» жобасы басталып, оның өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі туды. Жүрегіне жақын болған арыстандары зообаққа өткізілді.
«Өте үлкен қимастық болды… жыладық, күйзелдік», — дейді ол сол күндерді еске алып.

Бүгінде Жанат Калметова сахнадан алыстаған жоқ. Қазір ол кішкентай қызымен бірге асыл тұқымды иттермен өнер көрсетіп жүр. Оның иттері тек бұйрықты орындап қана қоймай, санауды да біледі. Көрерменді таңғалдырып, ерекше әсер сыйлайды.

Жанат апай үшін бұл тек өнер емес — өмірдің мәні. Ол балаларына да осы жолға үйретіп, өнерге баулыды. Бүгінде ұл-қызымен әріптес болып, бірге сахнаға шығып, көрермен қошеметіне бөленіп жүр.

Ұқсас жаңалықтар

«Тұран су» мекемесінің өндірістік-техникалық базасының жымысы пысықталды

ОРДАБАСЫДА ӨНДІРІС ҚАРҚЫН АЛУДА: СЕНАТОРЛАР АУДАННЫҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

berdaly_oraz

Түркістан мен Молдова ынтымақтастығы: жаңа көпірлер қалануда

berdaly_oraz