Арыс қалалық мәслихаты депутаттығына №1 сайлау округі бойынша үміткер Игібай Азамат Игібайұлы сайлауалды бағдарламасында қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қордаланған коммуналдық мәселелердің шешілуіне ықпал етуді басты бағыт ретінде айқындаған. Кәсіпкерлікпен айналысып, спорт пен әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп жүрген үміткер алдағы уақытта да туған қаласының дамуына үлес қосуды мақсат етеді.
Азамат Игібайұлы 1989 жылғы 5 қарашада Арыс қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте алып, кейін Шымкент қаласындағы С. Рахымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатында білімін жалғастырған.
2007–2011 жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ал 2025 жылы Ж. Тәшенов атындағы университетті «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Оның кәсіпкерлік қызметінің бір бағыты – спортты дамыту және қала тұрғындарына арналған қызмет көрсету орындарын ашу.
Атап айтқанда, Ақынбеков көшесінің бойынан өз қаражаты есебінен «Баркер Бокс» спорт клубын ашып, жастардың бокс спортымен тегін шұғылдануына жағдай жасаған. Сонымен қатар «Игібай» спорт кешені, «ХАН» бассейні, ойын-сауық кешені мен мейрамхана ашып, жергілікті қызмет көрсету саласына үлес қосып келеді.
Үміткер ұсынған өмірбаяндық мәліметтерге сәйкес, ол әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларына да қолдау көрсетіп, «Бекзат ата» және орталық мешіттердің жұмысына демеушілік жасаған.
Азамат Игібайұлының сайлауалды бағдарламасында тұрғындарды күнделікті толғандыратын инфрақұрылымдық мәселелерге басымдық берілген. Үміткер №1 сайлау округіндегі Байдаулетов көшесін жөндеу және абаттандыру, Әл-Фараби көшесін кеңейту, сондай-ақ аулаішілік жолдардың сапасын жақсарту мәселелерін көтеруді жоспарлап отыр.
Бағдарламадағы өзекті бағыттардың бірі – кәріз жүйесін дамыту. Кандидат сайлау округіндегі 10-ға жуық көшеге жаңа кәріз құбырларын тарту және тұрғын үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу мүмкіндіктерін қарастыруға ықпал етуді көздейді.
Сонымен қатар Ә. Жангелдин аумағында су құбырларын тарту жұмыстарын қолдау, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерін назарда ұстауды жоспарлаған.
Сайлауалды бағдарламада көше жарықтандыру, абаттандыру және қала тазалығына да ерекше көңіл бөлінген.
Атап айтқанда, жарықтандырылмаған көшелерге шамдар орнату, қолданыстағы жарық жүйелерін жаңарту, балалар ойын алаңдары мен демалыс орындарын көбейту, қоғамдық аумақтарды көгалдандыру бағыттары қамтылған.
Үміткердің пікірінше, қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру ірі жобалармен ғана емес, күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін мәселелерді жүйелі шешуден басталады.
Басты ұстаным – тұрғындар мәселесін назардан тыс қалдырмау
Азамат Игібайұлы өзінің басты міндеті ретінде халық көтерген мәселелерді тиісті мемлекеттік мекемелерге жеткізіп, олардың шешілуіне заң аясында ықпал етуді атап көрсетеді.
Оның сайлауалды бағдарламасы жол, су, кәріз, жарықтандыру және абаттандыру секілді тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін бағыттарды қамтиды.
Осылайша, №1 сайлау округі бойынша үміткер Азамат Игібай сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлік тәжірибесі мен қоғамдық бастамаларын қаланың инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге ықпал ету мақсатымен ұштастыруды көздеп отыр.
Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.
