ТҮРКІСТАНДА САРБАЗДАР 4 МЫҢНАН АСТАМ КІТАП ОҚЫДЫ: ҰЛТТЫҚ ҰЛАНДА РУХАНИ ТӘРБИЕГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Түркістан қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімі кітапханасы түркі халықтарының әдебиеттерімен толықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында жүзеге асырылған игі іс сарбаздардың рухани дамуына жаңа мүмкіндік ашып отыр.

Бастама Түркістандағы Түркітілдес халықтар кітапханасы мен әскери бөлім арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – әскери қызметшілердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру, олардың тарихи танымын кеңейту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Аталған әскери бөлімде еліміздің әр өңірінен шақырылған түрлі этнос өкілдері қызмет етеді. Осыған байланысты кітапхана қорына өзбек, ұйғыр, түрікмен, қырғыз, әзербайжан, татар және басқа да түркі халықтарының тілдеріндегі әдеби шығармалар қосылуда.

Жаңа кітаптар сарбаздардың өз халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек тануына, сондай-ақ өзге этностардың рухани мұрасына құрметпен қарауына мүмкіндік береді.

Әскери қызмет – тек жауынгерлік дайындық емес, жас азаматтың тұлғалық қалыптасу кезеңі. Сондықтан сарбаздардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, білімге құштарлығын арттыру және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі саналады.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің кітап оқуға қызығушылығын арттыруға бағытталған «BOOKGUARD» әдеби челленджі алғаш рет Түркістандағы 5574 әскери бөлімінде бастау алған. Кейін бастама еліміздегі Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдеріне таралды.

Жыл басынан бері жобаға қатысқан әскери қызметшілер 4 мыңнан астам кітап оқыған. Бұл көрсеткіш әскери ортада әдебиетке қызығушылықты арттыру бағытындағы бастаманың ауқымын аңғартады.

Мамандардың пайымдауынша, кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және рухани дүниесін байытуға ықпал етеді. Ал түрлі халықтардың әдеби мұрасымен танысу әскери ұжымдағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Түркістанда қолға алынған бұл бастама әскери тәртіп пен рухани тәрбиені ұштастырып, білімді, отансүйгіш және жауапкершілігі жоғары жас азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау облысындағы кеніш апаты: жеті кенші қаза тауып, тергеу басталды

berdaly_oraz

Түркістан облысы мен China Railway Asia-Europe — стратегиялық серіктестікке жол ашты

Отырар ауданында дезинсекциялық шаралар жалғасуда