Астанада V Еуразия экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Биылғы халықаралық пікірталас алаңы «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбына арналды.
Форум аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары, үкімет өкілдері, халықаралық сарапшылар мен ірі компания жетекшілері цифрлық экономика, инновация және жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқылауда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысу үшін елордаға келген мәртебелі меймандарға ілтипат білдірді. Шараға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян және басқа да ресми делегация жетекшілері қатысуда.
Сондай-ақ форум қонақтарының қатарында Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев бар.
Жиын барысында ЕАЭО кеңістігіндегі цифрлық трансформация, жаңа технологияларды енгізу, жасанды интеллектіні экономиканың түрлі саласына пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты күшейту мәселелері қарастырылады.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жаһандық бәсекеде жасанды интеллект елдердің экономикалық даму қарқыны мен технологиялық тәуелсіздігін айқындайтын маңызды факторға айналып отыр. Осыған байланысты форум аясындағы пікірталастар ЕАЭО елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.
