Дереккөз: Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Суармалы алқаптарды қажетті көлемде және белгіленген уақытта сумен қамтамасыз ету аудан үшін маңызды міндеттердің бірі.
Алайда соңғы жылдары климаттық және экологиялық өзгерістерге байланысты суармалы егістікке қажетті су көлемі азайып отыр. Атап айтқанда, ауданның негізгі су көздерінің бірі — Ақсу өзеніндегі табиғи су қоры соңғы бес жылда шамамен 40 пайызға төмендеген. Бұл жағдай жаз мезгілінде шаруаларға ағын су жеткізуді қиындатып, ауыл шаруашылығы өнімділігіне де әсер етуде.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында биыл аудан бойынша 1107 гектар алқапқа жаңа технологиялар енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда ауылдық округтерден 129 агроқұрылым бойынша 948,71 гектар жерге жоба жинақталды. Оның ішінде 636 гектарға тамшылатып, 312 гектарға жаңбырлатып суару жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Жоба аясындағы нақты жұмыстар басталып кетті. Мәселен, Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Ат баптау» ЖШС 92,5 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін орнату үшін «Жәрдем АС» МҚҰ-мен келісімшарт жасап, қажетті жабдықтарды орнату жұмыстарын қолға алды.
Су үнемдеу технологиялары дақылдарға суды дәл мөлшерде және уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың тиімділігін арттырып, бір жерден жылына 2- 3 өнім алуға жағдай жасайды. Ең бастысы, топырақтың тозуын азайтып, шаруалардың табысын арттыруға ықпал етеді.
Бұл бағытта мемлекет тарапынан да қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер беріліп, шығындардың 80 пайызға дейінгі бөлігі субсидияланады.
Осы орайда аудан шаруалары мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, заманауи су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге шақырылады
