Дереккөз, фото: Төлеби ауд әкімдігі
Төлеби ауданы аумағында балық шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – «FISH HOUSE» ЖШС. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов кәсіпорынға арнайы барып, өндірістік жұмыс барысымен танысты.
«Fish House» ЖШС – заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған балық өсіру шаруашылығы. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 500 млн теңгені құрайды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 450 тонна балық өсіруге жетеді. Жоба аясында 25 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Киелітас ауылдық округі аумағында орналасқан шаруашылықты аралау барысында аудан әкімі балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарға оң баға беріп, саланың өңір үшін экономикалық әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Қазіргі таңда серіктестік сазан және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсірумен айналысады. Әсіресе, бекіре – бағалы әрі сирек кездесетін балық түрі. Оның еті сапалы тағамдық өнім ретінде бағаланса, уылдырығы халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие.
Сапар барысында жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров шаруашылықтың алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, кәсіпорын сазан балығын табиғи жолмен көбейтіп, арнайы тоғандарда бекіре өсіру технологиясын кеңейтуді көздеп отыр. Бекіре балығын өсіру тұрақты су сапасын, арнайы күтімді және қатаң бақылауды талап етеді.
