Арыс қаласында газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Қалалық газ-техникалық инспекциясы мен төтенше жағдайлар бөлімінің бірлескен рейді барысында қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған бірқатар кәсіпкерлер мен тұрғындар анықталды.
Тексеру нәтижесінде газ баллондарын қолданыстағы талаптарға сай пайдаланбау деректері тіркеліп, заң бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Тиісті мөлшерде айыппұл салынып, заң талаптарын орындау міндеттелді.
Мамандардың айтуынша, газ баллондарын дұрыс пайдаланбау – тек заң бұзушылық емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Тұрмыста болатын жарылыстар мен өрт оқиғаларының басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемеуден туындайды.
Сондықтан бақылау шараларының басты мақсаты – айыппұл салу емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Әсіресе қоғамдық тамақтану орындары, сауда нысандары мен тұрмыста сұйытылған газ пайдаланатын азаматтар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Газ – үлкен жауапкершілікті талап ететін ресурс. Бір ғана салғырттықтың салдары орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан заң талаптарын сақтау – әр азаматтың өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың өміріне деген жауапкершілігі.
