Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында тұрғындар көптен күткен табиғи газ желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл – ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартып, тұрмыстық жағдайын жаңа деңгейге көтеретін маңызды инфрақұрылымдық жоба.
Өткен жылы қала әкімі Қайсар Маңқараевпен өткен кездесуде ақдалалықтар көтерген басты мәселелердің бірі – ауылды табиғи газбен қамту болатын. Бүгінде сол ұсыныс нақты іске айналып, ауыл көшелеріне магистральдық газ құбырлары тартылуда.
Соңғы жылдары Ақдалада оң өзгерістер аз емес. Көшелер жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер өткелдері мен бағдаршамдар орнатылды. Жаңа мәдениет үйі, кітапхана, балалар ойын алаңдары мен спорт кешені бой көтерді. Жол жөндеу, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Енді сол игі істердің заңды жалғасы ретінде табиғи газ ауылға жетпек. Жоба аяқталғаннан кейін тұрғындар көмір мен отынға тәуелділіктен арылып, экологиялық таза әрі қолайлы энергия көзіне қол жеткізеді.
Бір ерекшелігі – бұл жоба бюджет қаржысына емес, жеке инвестор – «Otebay Gaz» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс биыл аяқталып, Ақдала тұрғындарын кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жоспарланған.
Ауылдың дамуы тек жаңа нысандармен емес, халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдететін осындай нақты жобалармен өлшенеді. Ақдаладағы көгілдір отын құрылысы – соның айқын дәлелі.
