Түркістан облысы, Отырар ауданында қазақтың көрнекті ақыны, ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов ақтық сапарға аттандырылды. Қаралы жиынға елдің түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ оның шығармашылығын құрмет тұтқан оқырмандар келіп, рухына тағзым етті.
Халықтың сүйікті перзентімен қоштасу рәсімі оның туған жерінде өтті. Ақынның өз аманатына сай туған топырағына жерленіп, жаназасы оқылды. Қалың жұрт қаралы сәтте қазақ руханиятының ірі тұлғасымен қоштасып, оның ел үшін сіңірген еңбегін ерекше ілтипатпен еске алды.
Қоштасу рәсіміне Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, Мұхтар Шахановтың ұлт руханиятындағы орны айрықша екенін атап өтті. Ол ақынның шығармалары мен қоғамдық қызметі ел жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
Мұхтар Шаханов – тек поэзиясымен ғана емес, азаматтық ұстанымымен де халықтың құрметіне бөленген тұлға. Оның артында қалған мол мұрасы мен өнегелі өмір жолы келер ұрпақ үшін рухани бағдар болып қала бермек.
