Қазақстандағы әлем чемпиондары ең көп шыққан аудан – Шардара

Биыл Шардарадағы әйгілі «Шардара Армспорт» спорт клубының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Қысқа уақыт ішінде бұл клуб тек ауданның емес, бүкіл елдің спорттық брендіне айналды. Бүгінде мұнда шамамен 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығып, 32 тәжірибелі бапкердің жетекшілігімен кәсіби дайындықтан өтеді.

Клубта армрестлингтен бөлек бірнеше спорт түрі дамыған. Атап айтқанда, гір көтеру, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, семсерлесу, найза мен ядро лақтыру, таэквондо, бокс және пауэрлифтинг секілді үйірмелер жұмыс істейді. Мұнда 8 жастан бастап кез келген бала тегін жаттыға алады. Сонымен қатар ауыл-аймақтан келетін жас спортшыларға арнайы тасымал автобустары ұйымдастырылған.

2001–2025 жылдар аралығында Шардара ауданынан шыққан армрестлинг шеберлері халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетті. Осы уақыт ішінде аудан спортшылары 120 әлем чемпионын шығарды. Бұдан бөлек, 119 әлем чемпионатының жүлдегері, 87 әлем кубогының иегері және 5 «Комбат ойындарының» әлем чемпионы тіркелген.

Азия деңгейінде де көрсеткіш жоғары: 351 Азия чемпионы, 284 Азия чемпионатының жүлдегері және 97 Азия кубогының иегері бар. Қазақстан чемпионаттарында да шардаралық спортшылардың нәтижесі айрықша – 555 ел чемпионы, 706 чемпионат жүлдегері және 85 халықаралық турнир жеңімпазы шыққан.

Клуб қабырғасынан 70 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 130 Қазақстан спорт шебері және 583 спорт шеберлігіне үміткер тәрбиеленді. Сонымен қатар мұнда 4 «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» мен 2 «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» дайындалған.

Бұл жетістіктердің негізін қалаған – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Шардара ауданының құрметті азаматы Арман Қарсыбаев. Оның бастамасымен құрылған клуб бүгінде әлемдік армрестлинг орталықтарының біріне айналды.

Шардараның спорттағы табысы – жүйелі дайындық пен жастарды қолдаудың нәтижесі. Осы себепті өңірді Қазақстандағы әлем чемпиондары ең көп шыққан аудан деп атауға толық негіз бар.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісайда мыңға жуық тұрғын сенбілікке шығып, 40 тонна қоқыс жиналды

berdaly_oraz

Қарағандыда ауыл әкімі қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынды

berdaly_oraz

Сарыағашта халықпен кері байланыс күшейді: «Қызмет алушылар күні» өтті

berdaly_oraz