ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарын кеңінен түсіндіруге, сондай-ақ әскери ортадағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында бөлімнің әскери полиция қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының 2026 жылға арналған профилактикалық іс-шаралар жоспарына және Әскери полиция басқармасының талаптарына сәйкес тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Нәтижесінде бөлімде профилактикалық сипаттағы 200-ге жуық іс-шара өткізілген.

Негізгі назар отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, зорлық-зомбылық фактілеріне жол бермеуге, есірткі мен алкогольдік заттарды пайдаланудың, құмар ойындарға әуестенудің, сондай-ақ тәртіп бұзушылық әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстарға әскери полиция өкілдерімен қатар түрлі ведомстволар мамандары да тартылуда.

Әскери қызметшілерге жалпы әскери жарғылар талаптарын сақтау, Отанға адал қызмет ету, командир бұйрықтарын бұлжытпай орындау, әскери ұжымдағы тәртіп пен бірлікті нығайту – басты міндет екені түсіндірілуде. Сонымен қатар әскери мүлік пен қару-жарақты сақтау, жауынгерлік туды қорғау, әскери техниканы дұрыс пайдалану және қызметтік міндеттерді адал атқару мәселелеріне ерекше мән берілуде.

Әскери ортада әдеп пен тәртіпті сақтау, әріптестердің ар-намысына құрметпен қарау, әскери киім үлгісін талапқа сай кию және қызметтік этиканы сақтау – әрбір әскери қызметшіге қойылатын негізгі талаптардың бірі ретінде қарастырылуда.

Қазіргі таңда бөлімде мерзімді әскери қызметшілермен арнайы профилактикалық сабақтар өткізіліп, бұйрыққа бағынбау, әскери тәртіпті бұзу, бөлімді тастап кету, қашқындық және басқа да құқық бұзушылықтардың салдары жан-жақты түсіндірілуде. Бұл жұмыстарға психолог және теолог мамандар да қатысып, сарбаздарға психологиялық және рухани қолдау көрсетуде.

Сонымен қатар, әскери қызметшілерге құқық бұзушылықтарға қатысты нақты сот істері мен бейнематериалдар көрсетіліп, тәртіп бұзудың құқықтық және моральдық салдары кеңінен түсіндірілуде. Бұл өз кезегінде сарбаздардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.

5574 әскери бөлімінің әскери полиция қызметі әскери қызметшілердің заң талаптарын қатаң сақтап, Қазақстан Республикасының абыройлы қорғаушысы ретінде қалыптасуына бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

5574 әскери бөлімінің әскери полиция қызметінің бастығы
майор Бақтияр ДӘУРЕНҚҰЛОВ

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан логистика орталығына айналуы мүмкін: Нұралхан Көшеров Қытай инвесторларымен келіссөз жүргізді

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ ТҰРАҚТЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ӨТТІ

Redaktor Arysinfo