Түркістан облысында құрылыс индустриясын жаңа деңгейге көтеретін ірі инвестициялық жоба талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың Jiangxi Zhixin Real Estate Development Co., Ltd және «Хуатун» халықаралық инвестициялық-өнеркәсіптік тобы өкілдерімен кездесіп, өңірде құрылыс хабын қалыптастыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу барысында қытайлық инвесторлар құрылыс материалдары мен сантехникалық өнімдер өндіретін заманауи зауыттар ашуға қызығушылық білдірді. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға серпін береді.
Облыс әкімі Түркістанда өндіріс орындарын орналастыруға дайын инфрақұрылым мен өндірістік парктер бар екенін айтып, қосылған құны жоғары өнім шығаратын жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Тараптар ұсынылған бастамаларды егжей-тегжейлі зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
