Мас жүргізуші үш адамның өмірін жалмады: Арыстағы қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді

Арыс қаласында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы тағы да мас күйде көлік жүргізудің қандай ауыр зардаптарға әкелетінін көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік тізгініндегі жүргізуші көлікті игере алмай, жол жиегінде отырған адамдарды қағып кеткен.

Қайғылы оқиға салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды. Олардың екеуі – кәмелет жасына толмаған балалар. Бірі небәрі екі жаста болса, екіншісі бес жаста болған. Сондай-ақ жас ана да ажал құшты. Тағы екі адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Тергеу мәліметіне сәйкес, көлік жүргізушісі мас күйде болған. Ең өкініштісі, күдікті білім беру саласында еңбек ететін мұғалім болып шықты. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызып, жауапкершілік мәселесін қайта көтерді.

Соңғы жылдары мас жүргізушілердің кесірінен болатын жол апаттары азаймай тұр. Заң күшейтілгенімен, қайғылы статистика тоқтар емес. Әрбір осындай оқиға артында жетім қалған балаларды, қара жамылған отбасыларды және орны толмас өкінішті қалдырады.

Арыстағы бұл қайғылы жағдай – жай ғана жол апаты емес. Бұл адам жауапсыздығының салдарынан бір сәтте бірнеше тағдырдың тас-талқан болғанының көрінісі. Енді қоғам «мас күйде көлік жүргізгендерге жаза жеткілікті ме?» деген сауалға қайта жауап іздеуге мәжбүр.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алайда үш адамның өмірін ешқандай жаза қайтара алмайды.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев Қатар Әмірімен кездесті: қазақ-қатар серіктестігі жаңа деңгейге көтерілуде

Redaktor Arysinfo

6–9 МАМЫР: ШЫМКЕНТТЕ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР

berdaly_oraz

Түркістан облысында сот ұйғарымын орындамаған лауазымды тұлғаларға айыппұл салынды

berdaly_oraz