Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектеп түлегі Нұрәлі Медина Бектұрсынқызы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының назарын аударып, білім мен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Ол АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропадағы 80-нен астам беделді университеттен шақырту алып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.
Жас түлектің жетістігі – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын жоғары деңгейде тапсырып, әлемдік білім беру кеңістігінде сұранысқа ие талапкер атанды. Оның академиялық үлгерімімен қатар, көшбасшылық қасиеті мен қоғамдық белсенділігі де шетелдік университеттердің қызығушылығын тудырған.
Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде ол түрлі ғылыми жобалар мен олимпиадаларда үздіктер қатарынан көрінді. Әсіресе ағылшын тілі пәнінен «Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда жеңімпаз атануы оның ізденімпаздығы мен білімге деген құштарлығын көрсетті.
Бүгінде көптеген талапкер армандайтын мүмкіндік Нұрәлі Мединаның алдында тұр. Ол өз таңдауын Оңтүстік Кореядағы Inha University университетіне тоқтатуды жоспарлап отыр. Жас талаптың басты мақсаты – халықаралық деңгейде сапалы білім алып, болашақта елдің дамуына үлес қосу.
Бұл жетістік – бір ғана оқушының жеңісі емес. Бұл ауыл мектебінен шыққан түлектердің де әлемдік деңгейдегі университеттерге жол аша алатынын дәлелдейтін маңызды оқиға. Нұрәлі Мединаның табысы мыңдаған қазақстандық оқушыға үлкен мотивация болары сөзсіз.
