Түркістан қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қатысуымен «Шексіз әлем» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік кеш қолөнер көрмесімен басталды. Келушілер жас шеберлердің туындыларын тамашалап, олардың таланты мен өмірге деген құштарлығына жоғары баға берді.
Аймақ басшысы облыста оңалту және «Қамқорлық» орталықтары жұмыс істеп тұрғанын, онда мыңдаған бала қажетті қызмет алып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Кездесу барысында Нұралхан Көшеров ерекше балалармен еркін пікір алмасып, естелік суретке түсіп, олардың болашақта биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
«Шексіз әлем» мерекелік кеші балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
