ОҚУ-СПОРТ ОРТАЛЫҚТАРЫ АУЫЛ БАЛАЛАРЫНА ЖАҢА МҮМКІНДІК АШУДА

Дереккөз, фото: Жетісай ауд әкімдігі

Жетісай ауданында балалардың сапалы білім алып, спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімі Серік Мамытов Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді елді мекеніндегі «Бейсенбай ата» оқу-спорт орталығында болып, мекеменің жұмысымен танысты.

Биыл ақпан айында ашылған орталық бүгінде ауыл балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыратын маңызды орындардың біріне айналған. Қазіргі таңда мұнда 250-ге жуық бала түрлі спорттық және білім беру үйірмелеріне қатысып жүр.

Орталықта жасөспірімдер еркін күрес, бокс, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен айналысады. Сонымен қатар ұлттық би үйірмесіне қатысып, ұлттық өнерге қызығушылықтарын арттыруда.

Білім беру бағытында оқушылар ағылшын және орыс тілдерін үйреніп, көркем оқу үйірмелеріне қатысады. Сондай-ақ мектепалды дайындық топтарында бүлдіршіндерге арнайы сабақтар өткізіліп, олардың мектепке дайын болып баруына мүмкіндік жасалған.

Оқу-спорт орталығында тәжірибелі жаттықтырушылар мен білікті ұстаздар жұмыс істейді. Мұнда балаларға қолайлы жағдай жасалып, арнайы киім ауыстыру және жуыну бөлмелері жабдықталған. Қауіпсіздік талаптарына да ерекше көңіл бөлінген.

Аудан әкімі мұндай орталықтардың ауыл балалары үшін маңызы зор екенін атап өтіп, жас ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуіне бағытталған бастамаларға қолдау жалғасатынын жеткізді.

– Мұндай орталықтар ауыл жастарының болашағына жасалған маңызды қадам. Бұл жерден ел намысын қорғайтын спортшылар мен талантты жастар өсіп шығады деп сенеміз, – деді Серік Мамытов.

Ұқсас жаңалықтар

Ерлікке тағзым: Түркістан облысында полиция гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді

Түркістанда көгалдандыру жұмыстары жандана түсті

Түркістан: Көгалдандырудағы мәселелер талқыланды, нақты тапсырмалар берілді

berdaly_oraz