ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЕКІ ЫҢҒАЙЛАСТЫРЫЛҒАН МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Ордабасы ауданының Ақбұлақ ауылында жаңа оқу жылы оқушылар үшін қуанышты жаңалықпен басталды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа мектеп ауылдағы екі ыңғайластырылған білім ордасының мәселесін біржола шешті.

Бұған дейін «Болашақ» және «Қарабастау» мектептері тар әрі талапқа сай емес ғимараттарда орналасқан еді. «Болашақ» мектебі 2007 жылы ауыл тұрғындарының асар әдісімен салынған болатын. Бар-жоғы алты бөлмелі мектепте 1-9 сынып аралығында 200-ге жуық бала оқыды. Ал жоғары сынып оқушылары 3,5 шақырым қашықтықтағы көрші ауылға қатынап білім алатын. Сол сияқты 1969 жылы саман кірпіштен тұрғызылған «Қарабастау» бастауыш мектебінде де жүзден астам бала білім алатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» бағдарламасы арқасында бұл мәселе шешімін тапты. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап екі мектептің оқушылары мен ұстаздары жаңа ғимаратқа көшірілді.

Қазіргі таңда жаңа «Келешек» мектебінде 319 оқушыға 36 мұғалім сабақ береді. Екі қабатты заманауи ғимаратта 28 оқу кабинеті, STEM зертханасы, робототехника кабинеті, кең спорт залы, 80 орынды асхана және заманауи АКТ залы бар. Мектеп кітапхана, медициналық бөлме және инклюзивті білім алушыларға арналған арнайы көтергіш құрылғымен қамтамасыз етілген.

Жаңа мектептің ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік серпіліс болды. Кең әрі жарық сыныптар, заманауи құрал-жабдықтар мен пәндік кабинеттер — оқушылардың сапалы білім алуына және ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне мол мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында барлығы 29 «Келешек мектебінің» құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы олардың 13-і пайдалануға берілсе, биылғы оқу жылының басында тағы 10 мектеп есігін ашты. Жыл соңына дейін қалған 6 жаңа мектеп оқушылар игілігіне тапсырылмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында туристік әлеуеті бар 100 нысан айқындалды

berdaly_oraz

Зеленский Украинаның пайдалы қазбаларынан 50 пайызын АҚШ-қа беруден бас тартты

berdaly_oraz

Сауранда «Жібек жолының жауһары» атты аймақтық ақындар айтысы өтті