Дереккөз, фото: Ордабасы ауд әкімдігі
Ордабасы ауданында бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын нығайтуға арналған «Бала өмірі – басты құндылық» тақырыбындағы ата-аналар форумы өтті. Ауқымды шара аудан әкімдігі, аудандық прокуратура және білім бөлімінің бірлесуімен ұйымдастырылды.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен форумға ата-аналар, ұстаздар, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-ананың жауапкершілігін арттыру және бала тәрбиесіне қоғам болып назар аудару.
Іс-шара барысында оқушылардың шығармашылық жұмыстары таныстырылып, «Болашақ прокурорлар клубының» қызметі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар жастардың қатысуымен сахналық қойылымдар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Форум аясында отбасы институтының маңызы, бала қауіпсіздігі, психологиялық қолдау, құқықтық сауаттылық және жасөспірім тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, ата-аналардың сауалдарына жауап берді.
Жиынға облыстық және аудандық деңгейдегі сала мамандары, депутаттар, психологтар мен білім беру саласының өкілдері қатысып, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік мәселесіне тоқталды.
Форум қорытындысында отбасы мен білім беру ұйымдарының байланысын күшейту, бала тәрбиесіне қатысты жүйелі жұмыстарды жалғастыру және жас ұрпақтың қауіпсіз әрі саналы ортада өсуіне жағдай жасау маңызды екені атап өтілді.
