Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі берілген жаңа мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, батырдың ұрпақтары мен жергілікті халық қатысты.
Өңір басшысы тұрғындарды қуанышымен құттықтап, кешеннің ашылуы мәдениет пен спортты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті. Оның сөзінше, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және жастардың бос уақытын тиімді өткізу – мемлекет айрықша мән беріп отырған бағыттардың бірі. «Бұл кешен – Қажымұқандай даңқты тұлғаның есімін ұлықтаумен қатар, өскелең ұрпақты спортқа баулитын орталыққа айналады», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жоба құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Құрылысты «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жүргізген. 5 гектар аумақта орналасқан кешеннің жалпы ауданы 3622 шаршы метрді қамтиды. Ғимарат үш бөліктен тұрады: мұражай, кітапхана, көрме залы, спорт орталығы, асхана және конференция залы қарастырылған. Сонымен қатар спортшыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, қосымша қызметтік орындар бар.
148 орынға лайықталған амфитеатр үлгісіндегі спорт залында еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, самбо секілді кәсіби және олимпиадалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасалған. Ал туристер үшін 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана, 126 адамға арналған көрме алаңы мен кітапхана қызмет көрсетеді.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары да ашылу рәсіміне қатысып, естеліктерімен бөлісті. Облыс әкімі Құрмет кітабына қолтаңбасын қалдырып, батырдың рухына тағзым етті.
Бүгінде Ордабасы ауданында 53 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады, бұл – аудан халқының 42 пайызы. Аудандағы спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 47 пайызға жетіп отыр. Жаңа кешеннің ашылуы бұл көрсеткіштің артуына ықпал етпек.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, кешен тек спорттық шараларды ғана емес, мәдени кездесулерді, көрмелерді, түрлі деңгейдегі турнирлерді өткізуге қолайлы орта қалыптастырады. Бұл нысан Ордабасы ауданын туризм мен спорттың жаңа орталығына айналдыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
