Сарыағаш ауданында орталықтандырылған ауыз су жүйесін кеңейту мәселесіне арналған жұмыс кеңесі өтті. Жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев төрағалық етті. Кеңеске тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің мамандары, «Сарыағаш ТСЖ» өндірістік бірлестігінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК», «Қазақтелеком» АҚ өкілдері, сондай-ақ Құркелес, Тегісшіл және Көктерек ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде аудан аумағында магистральды ауыз су құбырларын тарту жобасының орындалу барысы қаралды. Жоба аясында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және желілердің техникалық сенімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Аудан басшысы жауапты құрылымдарға құрылыс-монтаждау жұмыстарын кестеге сәйкес әрі сапа талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, жер телімдерін келісу, коммуникациялармен қиылысу нүктелерін нақтылау және техникалық шарттарды рәсімдеу мәселелерін жеделдету қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда жобаны іске асыру үшін шамамен 500 метр магистральды су құбыры жеткізілген. Жергілікті жерлерде трассаны нақтылау, геодезиялық айқындау және келісу рәсімдері толық аяқталған. Тиісті рұқсат құжаттары рәсімделгеннен кейін құрылыс-монтаждау кезеңі қарқынды жалғасады.
Жоба нәтижесінде Дархан, Нұрлы жол, Еңкес, Құлтума, Таскескен, Тегісшіл, Мәдениет, Жылысу, Жаңаталап, Береке елді мекендері және Көктерек кенті орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
