Дереккөз, фото: Созақ ауд әкімдігі
«Шахмат керуені» аясында ұйымдастырылған республикалық деңгейдегі шахмат турнирі өз мәресіне жетті. Зияткерлік сайысқа еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар жиналып, шеберлік пен табандылықты талап ететін тартысты дода өтті.
Қорытынды салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы қатысып, жарысқа қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде шахматтың жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, логикалық қабілетін дамытатын маңызды спорт түрі екенін атап өтті. Сонымен қатар мұндай ауқымды турнирлердің аудан үшін маңызы зор екенін жеткізді.
Турнирге еліміздің әр аймағынан 102 қатысушы мен 22 команда қатысып, жоғары деңгейде бақ сынасты. Жарыс Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) ережелеріне сәйкес швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұратын жекелей-командалық форматта өтті.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар бірнеше санатта анықталды. А санатында жас ерекшелігіне қарамастан барлық қатысушылар сынға түсті. В санатында 60 жастан жоғары ардагерлер бақ сынады. С санатында 12 жасқа дейінгі және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер ұлдар мен қыздар арасында жарысты. Ал D санатында төрт ойыншыдан құралған командалар өзара мықтыны анықтады.
Жарыс барысында үздік ойын үлгісін көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ауқымды дода шахмат спортының дамуына серпін беріп, қатысушылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасады.
