Түркістан облысының бастауыш сынып мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекованың бала оқытудағы ерекше әдісі көпшілікке деректі фильм арқылы таныстырылды. Шұбарағаш шағын жинақты бастауыш мектебінде еңбек ететін ұстаз шахматты оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытатын тиімді құрал ретінде пайдаланып жүр.
Педагог шахматты жеке пән ретінде оқытумен шектелмей, оның элементтерін математика, сауат ашу және басқа да сабақтармен ұштастырады. Осылайша оқушылар күрделі тапсырмаларды ойын арқылы орындап, білімді қызығушылықпен меңгереді.
Ұстаздың айтуынша, шахмат баланы тек ойынға емес, ойлануға үйретеді. Фигуралардың жүрісін үйрену барысында оқушы салыстырады, бірнеше қадамды алдын ала жоспарлайды және өз шешімінің нәтижесін саралайды.
««Шахматты ақыл-ойдың ойыны дейді. Ол баланың ойлау қабілетін, ақылын өте жақсы дамытады. Математика мен шахмат бір-бірімен өте жақсы үйлеседі. Сондықтан оқушыларға білімді жай ғана беріп қоймай, олардың ойлау қабілетін дамытуымыз керек», – дейді Ақсәуле Жақыпбекова.»
Ұстаздың бұл әдіске қызығушылығы оқу бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілгеннен кейін арта түскен. Алғашқы кезде сыныпта шахмат тақталары мен қажетті құралдар жеткіліксіз болған. Балалардың толыққанды дайындалуы үшін мұғалім қажетті жабдықтарды өз қаражатына алып, сыныпты біртіндеп жабдықтаған.
Бүгінде оның еңбегінің нәтижесі де байқалады. Оқушылар сабақта шахмат фигураларының жүрісін меңгеріп қана қоймай, ойын арқылы есеп шығарып, түрлі логикалық тапсырмаларды орындайды. Ең бастысы – балалардың шахматқа деген қызығушылығы мектеп қабырғасымен шектелмеген. Кейбір оқушылар үйде ата-анасымен бірге ойнап, отбасы мүшелерін де шахматқа тарта бастаған.
Ақсәуле Жақыпбекова өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісуді де жолға қойған. Ол аудандық семинарларға қатысып, педагогтерге шахматты оқу үдерісінде тиімді қолданудың тәсілдерін көрсетіп келеді.
Түркістандық ұстаздың осындай ізденісі отандық Bilim Group EdTech экожүйесінің «Mugalim» деректі сериясына арқау болды. Ақсәуле Жақыпбекованың педагогикалық жолын баяндайтын қысқаметражды фильм жоба аясында ұсынылған үш туындының бірі.
