Дереккөз, фото: Шардара ауд әкімдігі
Шардара ауданында еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалардың орындалу барысына арналған мәжіліс өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бердешов Жұмасұлтан Оразбекұлы ашып, облыс орталығынан келген сала мамандарын таныстырып, әлеуметтік бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталды.
Мәжіліс барысында Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Ол «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заң аясында көмекті тағайындау кезінде әділдік, ашықтық және заңдылық қағидаттарын сақтау маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасылар санын азайту қажеттігіне назар аударды.
Келесі кезекте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілінің міндетін атқарушы Рауан Дурменов еңбек қатынастарын реттеу мәселелеріне тоқталды. Ол еңбек шарттарын электрондық форматта рәсімдеу, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын заңдастыру тетіктерін толық енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ зейнетақы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты талаптар түсіндіріліп, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды уақтылы төлеудің маңызы айтылды. Бұдан бөлек, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады.
Жиын қорытындысында қатысушылар еңбек және әлеуметтік заңнамаларды сақтау тек жұмыс берушілердің міндеті ғана емес, сонымен қатар жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудың, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етудің және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
