ТЕГІНЕ ТАРТҚАН ТАРЛАНБОЗ  

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде темірдей тәртіп пен ерекше ыждахаттылықты талап етер бір мамандық болса ол теміржол саласы. Осы бір қызығынан гөрі қиындығы мол қызмет саласынан еңбек жолы басталып, бар ғұмырын қажымай еңбекке арнаған азамат, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің,  «Шапағат» медалінің  иегері, Арыс қаласының құрметті азаматы, асқар тау әке, ақылман аға Сүйінбаев Абдулла Жұманұлы биыл 70 жасқа толды.

Сүйінбаев Абдулла Жұманұлы 1956 жылдың 15 сәуір күні ОҚО облысыАрыс қаласында қарапайым отбасында дүниеге келді. «Басында бұлағы бар өзен, ұзаққа ағады» дейді дана халқымыз. Даралық пен даналық ата-баба рухынан, әке қаны, ана сүтімен дарыған қасиет екені өн бойынан байқалады. Абдулла Жұманұлы теміржолшы отбасында дүниеге келген шаруа баласы. Әкесі – Жұман қария адал еңбегімен ел құрметіне бөленген еңбек адамы болса, аяулы анасы Ұлбосын әже ұрпағына толымды тәрбие берген абыз ана.

Содан да болар барлық балаларын аянбай еңбек етуге тәрбиеледі.Ұлы  Абдулланың бала күнінен спортқа бүйрегі бұрып тұратынын ерте сезді.  Спорттың қай түрі болмасын аңсары ауып тұрғанын көрсе болғаны, қолынан қағып, жолынан бөгеген емес. Содан болса керек жастайынан еңбекке де, спортқа да құштар болып өсті.

Еңбек жолын 1973 жылы Арыс қаласындағы ішкі істер бөлімінің жанындағы ведомстводан тыс күзет бөлімшесінде патруль инспекторлығынан бастады.1974 жылдан 1976 жылға дейін әскери-теңіз флотында әскер қатарында Отан алдындағы борышын атқарып келген соң, еңбек майданындағы даңғыл жолын жалғастырды.

1977 жылдан Арыс локомотив депосында қатардағы локомотив жөндеу слесарлігінен бастап, комсомол ұйымының хатшысы, депо бастығының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, депоның бас инженері қызметіне дейін көтерілді.1983 жылы Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын  бітіріп,  тасымалдау процесін басқару мамандығын алып шықты.

Осынау күрделі салада жылдар бойына талмай еңбек етіп, қиын қыстау кезеңде де өзінің ата кәсібін тастап кетпей, табандылық танытқанын Абдулла Жұманұлы елу жылға жуық шойын жолдың ыстығы мен суығын қатар көріп, бүгінде осы саланың кәсіби майталманына айналды.

1987 жылы депоға жаңа техника, яғни электровоздар әкелінгенде, осы жаңа техникаға қажетті мамандарды дайындауды ұйымдастырғанын, материалдық базасын жаңартуға зор үлес қосқанын бірі білсе, бірі білмес.

1992 жылы Арыс шпалға май сіңіру зауытының директоры болып тағайындалып, 1998 жылдан бері «Арысшпалзаводы» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарып келеді.

Ел жұртының сый құрметіне бөленген Абдулла Жұманұлы туған жерінің әлеуметтік экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, үнемі аудан,  қала және облыс көлеміндегі өзекті мәселелерді шешу істеріне белсене араласып келеді. Бірнеше рет қалалық, облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Ат спорты федерациясының президенті ретінде де ұлттық спорттың дамытуда қолтаңбасы бар азамат. Еселі еңбек естен кетпесі анық, Абдулла Жұманұлы мемлекеттік мәртебелі наградалар алып, төсінде «Құрметті теміржолшы» белгісі жарқырап, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін иемденуі  еңбектің өтеуі екені рас.

Абдулла Жұманұлы кәсіпкерлік саласында да өзіндік орны бар табысты кәсіпкер.  Ары – намысқа, намысы – еңбек етуге, еңбегі – адалдыққа, адалдығы – ел игілігіне пайда әкелді. Нәтижесінде «Өндіріс және құрылыс саласындағы ең үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша «Шағын кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктері үшін» конкурсының лауреаты атанды. 

Абдулла Жұманұлы Қазақтың дәстүрлі саятшылық өнерін жаны сүйген азамат. Қолы босай қалса аң аулап,  аңшылық қасиетімен де ел есінде жүр.

Абдулла аға бірлігі мен берекесі мығым шаңырақтың алтын діңгегі, әулиетінің ақылманы,  Жұбайы Майра жеңгей екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, құда жекжат, дос арттырып, немерелерінің қуаныштарына бөленіп отырған бақытты жандар. Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет көріп отырған Абдулла ағаның Отанымыздың өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында әлі талай іс атқаратыны біз үшін  зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екені даусыз.

Жетпіс жасын жасампаздықпен қарсы алып отырған ел ағасына зор денсаулық, бақыт пен жанұялық шаттық тілейміз.

 

Жұлдыз Өтегенова

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ЗАҢСЫЗ ҚОҚЫС ОРНЫ ЖОЙЫЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістан: Қазығұртта Бақытжан Алдияр мен Бақыт Беделханның жыр кеші өтті

Банктік депозит: кірістілік пен қауіпсіздік теңгерімділігі

berdaly_oraz