ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ЕЛДЕРІНІҢ БАСШЫЛАРЫНА ҚАЗАҚСТАННЫҢ GOVTECH ШЕШІМДЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында қатысушы елдердің президенттеріне Қазақстанның цифрлық даму бағытындағы бастамалары мен GovTech шешімдері таныстырылды. Кездесу барысында цифрлық экономиканы дамыту және аймақтағы технологиялық серіктестікті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан жасанды интеллектіні стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастыратынын айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта инфрақұрылым, адами капитал және инновациялық өнімдерді қамтитын толық экожүйе қалыптастыру көзделген.

Бүгінде елімізде Starlink және OneWeb технологиялары енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында аймақтағы ірі суперкомпьютерлер іске қосылған. Алдағы кезеңде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бастама AI-есептеулерге негізделген жаңа экономикалық модельді дамытуға бағытталған.

Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы ғарыш саласында да жалғасуда. Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан бірлесіп CubeSat ғылыми жерсерігін әзірлеуде. Оны келесі жылы ғарышқа ұшыру жоспарланған.

Мемлекеттік басқару жүйесінде де жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. eGov AI ассистенті мен AlemGPT платформасы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар елімізде мектептерден бастап TUMO орталықтары мен арнайы AI Research университеттеріне дейін жалғасатын үздіксіз цифрлық білім беру жүйесі қалыптасып келеді.

Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы зерттеушілер, IT мамандары мен стартаптарды біріктіретін инновациялық алаң ретінде ұсынылды. Орталықта ғылыми зерттеулерден бастап жаңа өнімдерді тәжірибеге енгізуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады.

Президенттерге көлік-логистика саласын цифрландыру бағытындағы жобалар да таныстырылды. Жасанды интеллектіні енгізу арқылы үдерістерді жеңілдетіп, транзиттік әлеуетті күшейту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Қазақстан Цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру бастамасын көтергені айтылды. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер бұл ұсынысты қолдап, нәтижесінде Бангкокта өткен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-сессиясында орталықты Алматы қаласында ашу туралы қарар қабылданды.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында марокко шегірткесіне қарсы күрес күшейтілді

berdaly_oraz

Алматы облысында кәмелетке толмаған баланы ұрлап, 5 млн теңге талап еткен күдіктілер ұсталды

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Redaktor Arysinfo