Түркістан ауыл шаруашылығында рекорд жаңартты

Түркістан облысы құрылған сегіз жыл ішінде аграрлық салада айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,2 есеге өсіп, 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы бүгінде республикада көш бастап тұр.

Соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешеніне 1 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өндірісінің ауқымы кеңейді. Биыл егіс көлемі 919,4 мың гектарға жетіп, сегіз жыл бұрынғы көрсеткіштен едәуір артты.

Өңірде су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі биыл 164 мың гектарға жетіп, нәтижесінде 280 миллион текше метр су үнемделмек. Бұл ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қадамдардың бірі.

Мал шаруашылығы саласында да Түркістанның үлесі жоғары. Республикадағы ұсақ малдың әр бесіншісі, ірі қараның әр сегізіншісі осы өңірде өсіріледі. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын сиыр мен қой етінің басым бөлігі Түркістан облысының үлесіне тиесілі.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз нәтижесін беріп келеді. Мыңнан астам жоба жеңілдетілген несие алып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік жасауда.

Сегіз жыл ішінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығында тек өнім көлемін арттырып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібін дамытып, экспорттық әлеуетін күшейтіп, аграрлық секторды жаңа деңгейге көтере алды.

Ұқсас жаңалықтар

«Үсті-басы су болып,үйге әрең жетті» Монтайтастық тұрғын көшеде иесіз жүрген иттің 11 жасар қызын тістей жаздағанын айтып,шағымданды

berdaly_oraz

Шымкентте 148 сот орындаушысы жауапкершілікке тартылды

Шымкентте 3 жасөспірімнің әрекеті поездің кешігуіне себеп болды