Түркістан экономикасы қарқын алды: 6 айда 176,5 млрд теңге инвестиция тартылды

Түркістан қаласында 2026 жылдың қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары аппараттық мәжілісте сараланды. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен жиында негізгі рейтингтік индикаторлардың орындалу барысы қаралып, алдағы міндеттер айқындалды.

Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қала экономикасында тұрақты өсім байқалды. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 133,9 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 138,9 пайызды, бөлшек сауда көлемі 127,9 пайызды, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 120,4 пайызды құрады.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 176,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109,6 пайыздық өсім тіркелді. Сонымен қатар 125,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылды. Бекзат шағынауданындағы өндірістік парк аумағында бес дайын өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Жалпы құны 11,8 млрд теңгені құрайтын төрт инвестициялық жобаны орналастыру жөнінде келісім жасалып, нәтижесінде 580 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Қала бюджетінің өзіндік кірістері де өсіп, алғашқы алты айда 36,2 млрд теңгені құрады.

Мәжіліс барысында қала әкімі кейбір бөлімдердің жоспарланған көрсеткіштерді толық орындай алмағанын сынға алып, жауапты басшыларға жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Бізге есеп үшін емес, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс қажет. Әрбір басшы өз саласындағы көрсеткіштердің орындалуына жеке жауапты. Үшінші тоқсанның қорытындысына дейін барлық жоспарлы индикаторлар толық орындалуы тиіс, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Жиын соңында бөлімдер арасындағы үйлестіруді күшейту, рейтингтік көрсеткіштерді жақсарту және әрбір индикатордың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Ұқсас жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕКІНШІ АЭС-тің АТЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

АКИМ ТУРКЕСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ ВСТРЕТИЛСЯ С КОЛЛЕКТИВОМ ИНКЛЮЗИВНОГО ТЕАТРА «ДАРА ҰРПАҚ»

Redaktor Arysinfo

ШЫМКЕНТТІК ТҮЛЕК ҰБТ-ДА 138 БАЛЛ ЖИНАП, ҮЗДІК НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

berdaly_oraz