«Ясауи керуені» Жетісайға жетті: рухани мұраны дәріптеу жалғасуда

Түркістан облысында Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық жобасы Жетісай ауданында жалғасын тапты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен жүзеге асып жатқан бастама ұлы ойшылдың тағылымын қазіргі қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа таныстыруды көздейді.

Семинарға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков және белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында Мемлекет басшысының Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ел ішінде және халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды. Сарапшылар Ясауи ілімінің адамгершілік, имандылық, әділдік пен ізгілікке негізделген құндылықтары бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін атап өтті.

Сондай-ақ қатысушылар дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау, жастарды теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау және ұлттық дүниетанымды нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Мамандар тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, Ясауи мұрасының қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтудағы маңызын түсіндірді.

«Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта да өңірдің өзге аудандарында жалғасып, ұлттық руханиятты дәріптеуге өз үлесін қоса бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда мәслихат төрағаларының қатысуымен қоғамдық келісім мәселелері талқыланды

berdaly_oraz

Түлкібаста сүтті терең өңдеу саласы дамып келеді

Сайрам мен Ордабасы аудандарында кәсіпкерлер өрт сөндіру бекетін салып жатыр