Түркістан облысы газдандыруда жаңа белеске шықты: 2 миллион тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді

Түркістан облысында табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жалғасып, өңірдегі газдандыру деңгейі жаңа кезеңге көтерілуде. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы бағыттағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Бүгінде облыстағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газға қосылып, 1 млн 887 мыңнан астам тұрғын немесе халықтың 88 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өткен жылы 45 газдандыру нысаны пайдалануға беріліп, 41 елді мекендегі 102 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді.

Биыл алғаш рет Созақ ауданына табиғи газ жеткізіліп, аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы 16 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қосылды. Сонымен қатар «Созақ» автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, жыл соңына дейін газдандыру деңгейі 90 пайызға жетіп, 640 елді мекендегі шамамен 2 миллион тұрғын табиғи газды пайдаланады. Ал қосымша жобалар жүзеге асса, бұл көрсеткіш 92 пайызға дейін өседі.

Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, шалғай ауылдарды табиғи газбен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Ұқсас жаңалықтар

Нұралхан Көшеров бастаған Түркістан облысының делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барды

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ҚАЗЫҒҰРТТА РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНДЕ “ШЕБЕРЛЕР БҰРЫШЫ” ҚҰРЫЛДЫ

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында жаңа оқу жылында 560 мыңнан астам оқушы білім алады