Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығында Шардара ауданының 43 жастағы тұрғыны Орынкүл Нурабаева үшем босанды. Салмағы 2,2–2,4 келі аралығында болған үш ұл мерзімінен бұрын дүниеге келіп, дәрігерлердің қадағалауында болды. Дәрігерлер олардың және ананың жағдайын тұрақты деп бағалап, бүгін үйлеріне шығарып жіберді.
Облыс әкімдігі мәліметінше, биылғы алғашқы алты айда өңірде 22 638 нәресте жарық дүние есігін ашқан. Қазір аймақта 22 перзентхана жұмыс істейді, онда 300-ден аса акушер-гинеколог, 89 неонатолог және 100-ден астам анестезиолог-реаниматолог еңбек етеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік мамандармен шеберлік сағаттары өткізіліп, былтыр 34 маман Санкт-Петербургте оқып келсе, биыл тағы 70 медицина қызметкері халықаралық тәжірибе алды.
Сондай-ақ 2024 жылы резидентураға 139 грант, орта буын медицина қызметкерлерін даярлауға 600 грант бөлінген. Биыл резидентура гранттары 150-ге жетті. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында өткен жылы 556 квота толық игерілсе, биылғы 640 квотаның 70%-ы орындалды.
Медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 1 млрд теңгеге құрал-жабдық алынған. Сол көлемдегі қаржы биыл да қарастырылған.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері облыстық №1 перинаталдық орталықта 4 050 сәби дүниеге келсе, олардың 72-сі егіз. Бұл өткен жылға қарағанда 271 балаға көп.
