Отырар аудандық мәдениет сарайында республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Елдің әр өңірінен келген жыршы-термешілер ұлттық өнерді ұлықтап, сөз құдіретін насихаттады.
Байқаудың басты мақсаты – ұлттық тәрбиені дәріптеу, халықтық өнерді дамыту, тіл мәдениетін қалыптастыру, дәстүрлі ән мен терме өнерін кеңінен насихаттау, ұмыт бола бастаған мұраларды жаңғырту және жас өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау.
Өнер додасында қатысушылар дәстүрлі терме орындаудағы шеберліктерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесін Лес Ернұр (Түркістан облысы) иеленді. І орын Қуаныш Алғазиевке (Қызылорда облысы) бұйырды.
ІІ орынды Нұрәли Есхат (Жетісу облысы) пен ақмолалық Есімхан Жасұлан өзара бөлісті. Ал ІІІ орынды қызылордалық Сырсұңқар Базарбайұлы, павлодарлық Базарбай Азамат және түркістандық Сатыбалды Мағжан иеленді.
Сонымен қатар арнайы жүлделер де табысталды. Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Ергат Тәжібаевқа, Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Серікбай Ықыласқа, ал Қызыл Жырау атындағы арнайы жүлде Айдана Шымболатқа берілді.
Ұлттық руханиятты ұлықтаған өнер сайысы дәстүрлі терме өнерінің мәртебесін арттырып, жас орындаушыларға үлкен шабыт сыйлады.
