САЙРАМДА «ЯСАУИ КЕРУЕНІ» АЙМАҚТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Сайрам ауданында Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті. 

Іс-шараның басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен тағылымы арқылы имандылық, ізгілік, білім, әділдік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеп, оның бай мұрасын жас ұрпақтың рухани бағдаршамына айналдыру.

Семинарға ауданның ақсақалдары мен әжелері, зиялы қауым өкілдері, имамдар, түрлі сала мамандары және жастар қатысты. Қатысушылар Ясауи іліміне қатысты тағылымды мәліметтер алып, өзара пікір алмасты.

Жиынды «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов жүргізді. Алғашқы болып сөз алған Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы бұл бастаманың қоғам үшін маңызына тоқталды.

Сондай-ақ профессор Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит баяндама жасап, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының тарихи-рухани құндылығы, ұлттық сана мен салт-дәстүр сабақтастығы жөнінде мазмұнды ойларымен бөлісті.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сиқымбай Уалиханұлы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, Ясауи мұрасын дәріптеудің ұлт руханиятын нығайтудағы маңызын атап өтті.

Айта кетейік, Сайрам – Қожа Ахмет Ясауидің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Ыбырайым ата мен Қарашаш ананың мәңгілік тыныс тапқан жері саналатын бұл өңір – ұлы ойшылдың алғашқы рухани қалыптасу ортасы. Сондықтан «Ясауи керуенінің» Сайрамда өтуі тарихи әрі символдық мәнге ие.
Семинар соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер талқыланды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Мақтааралда қоғамдық көліктер жаңартылуда

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік қолдау кеңінен түсіндірілді

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

berdaly_oraz