Түркістан музыкалық драма театры VI маусымын көрерменнің көзайымына айналған «МузАРТ» қойылымымен ашып, жаңа шығармашылық белеске қадам басты.
Түркістан музыкалық драма театры алтыншы маусымының шымылдығын түрді. Жаңа маусымның алғашқы қойылымы – қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар «МузАРТ» тобының тарихын арқау еткен музыкалық-драмалық спектакль.
«МузАРТ» қойылымы қазақ эстрадасының бір дәуірін сахна тілімен сөйлетіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген өнер ұжымының қалыптасу жолын көрерменге әсерлі жеткізеді. Музыка мен драматургияны ұштастырған спектакльдің қайта сахналануы театр репертуарындағы сұранысқа ие туындылардың бірі екенін аңғартады.
Театр ұжымы соңғы жылдары Түркістан сахнасымен шектелмей, еліміздің ірі мәдени орталықтарында да өнер көрсетіп келеді. «МузАРТ», «Келіндер көтерілісі» секілді қойылымдар Астана, Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ал халықаралық деңгейдегі шығармашылық байланыстар да өз нәтижесін беріп келеді. Тамыз айында театр ұжымы Грузияда Абайдың қара сөздері негізінде жасалған «Абай. Қарасөз» пластикалық спектаклін ұсынды. Ал Мәскеуде өткен өнер фестивалінде театр актерлері үздік атанып, бірнеше жүлдемен елге оралды.
Мұндай шығармашылық сапарлар – сахна шеберлерінің кәсіби тәжірибесін арттырып қана қоймай, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтудың тиімді тетігі. Осы ретте Түркістан музыкалық драма театры халықаралық әріптестікті кеңейтіп, жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Театр ашылғаннан бері 17 спектакль сахналанды. Репертуардан «Бөрте», «Махаббат мұнарасы», «Мағжан», «Келіндер көтерілісі», «Вальс королі», «Бекзат», «Пейіш» секілді көрерменнің ерекше ықыласына ие болған ірі қойылымдар орын алды.
Ал VI маусым театрсүйер қауым үшін жаңа премьераларымен есте қалмақ. Алдағы айда жаңа спектакльдің тұсауы кесіліп, көрерменге кезекті шығармашылық тарту ұсынылады.
Сахна – халықтың рухани айнасы. Түркістан театрының жаңа маусымы сол айнадағы жаңа бейнелер мен жаңа ізденістерге толы болмақ.
